Print This Post

Құдайға сүйкімді архипастырьлар, аса игілікті адал пресвитерлер мен диакондар, Құдайға сүйіспеншілік танытушы иноктар, қымбатты аға-інілер мен әпке-қарындастар!

Құдайға разылыққа толы жүрекпен барлығыңызға ұлы және құтқарушы хабарды жариялаймын:

ХРИСТОС ТІРІЛІП ТҰРДЫ!

Жыл сайын осы пасхалық қуаныш сөзімен Шіркеу осыдан екі мың жылдай уақыт бұрын орын алған дүниежүзілік мәні бар оқиғаны куәландырады. Сол кезде таң атысымен миро жағушы әйелдер Оқытушы жерленген жерге келіп, оның табытының бос екенін көрді. Христостың құдайлық күші өлім заңын жеңді. Он тірілді, сол арқылы бүкіл адамзатқа өлім – өмірдің соңы емес екенін, өлімді Құдай күшімен жеңуге болатынын дәлелдеді.

Христостың тірілуі, әлем тарихындағы бірегей оқиға бола отырып, Құдайдың еркімен біздің жеке тірілуіміздің де бастауы болды. Құтқарушымыз біздің әрқайсымыз өліден тірілу тәжірибесінен өту мүмкіндігіне, ешқандай да ауыспалы мағынада емес, осы сөздің тікелей мағынасында, ие болуымыз үшін қиянат көрді, крестке шегеленді және табытынан тұрды. Бұл туралы апостол Павел айқын айтады: «Құдай… Өз күшімен бізді де тірілтеді» (1Кор. 6, 14).

Міне, сондықтан да Пасха мерекесі өмірдің өлімді жеңу мерекесі, себебі Құтқарушы Христостың тірілуімен бірге өліден тірілу қабілеті біздің барлығымызға да сыйға берілді. Жер бетіндегі болмыстың қандай қиын жағдайларынан өтсек те, қандай сынақтарға ұшырасақ та, келешекті көруге рухани күші жоқтар қандай қорқыныштармен қорқытса да, біздің әлемді қабылдауымыз салмақты және қуанышты болуы керек, себебі Христос тірілді!

Қасиетті Русь жерінде Пасха мерекесі әрқашан да ұлы және жарқын мереке болды. Соңғы онжылдықта ол көптеген үйлер мен отбасыларға қайта оралды. Қазіргі кезде оны бұрын пасхалық сәлемдесу болмаған жерлерде де мерекелейді: ауруханаларда, түрмелерде, Әскерде және Флотта, тіпті космоста да. Құдай енді Орыс әлемінің елдерінде өтіп жатқан сыртқы өзгерістермен бірге адам жанының шынайы жаңаруына, Христостың Тірілу қуанышы әркімнің жүрегін толтыруға, Құдай сүйіспеншілігі біздің туыстарымыз бен жақындарымызды ғана емес, храмға бару мүмкіндігі жоқ адамдарды, кәрілерді, ауруларды, жалғызбастыларды да жылытуына жеткізсін.

Христостың Тірілуі арқылы құдайға сенуші адам Құдай шындығы мен уағызы бойынша өмір сүру үшін көктен жіберілетін нұр жауған күшке қосылу мүмкіндігін алады: мейірімді және рақымшыл, қарым-қатынастарда адал және ниеттес, олармен қуанышты да, қайғыны да бөлісуге қабілетті болу.

Бұл жақыныңа деген христиандық қарым-қатынасқа еліңе, халқыңа, отбасыңа және үйіңе қамқорлық жасау да кіреді. Мәңгілік рухани құндылықтарды уағыздай отырып, Шіркеу өз балаларын Құдай жасаған әлемнің уақытша, бірақ шынайы құндылықтарына құнтты қарым-қатынас жасауға шақырады: өзімізді қоршаған табиғатқа, біздің ізашарларымыз ғасырлар бойы жасап келген бай мәдени мұраға. Православиенің рухани байлықтары мен дәстүрлерін сақтаушы болу өзіңді, өзіңнің ішкі әлеміңді белсенді өзгертуді, сондай-ақ бізді қоршаған әлемнің сұлулығы мен үндестігін сақтауды, адамның қастық күшімен бұзылған жерлерде оларды қалпына келтіруді білдіреді. Христианиннің борышы және жауапкершілігі — осы.

Құдай бізден шамамыз келмейтін ерліктер жасауды талап етпейді. Әрбір адамның ішкі дүниесіне үңіле отырып, ол қайта-қайта шақырады: «Барлық еңбектенушілер мен қиналушылар Маған келіңіздер, Мен сіздерді тыныштандырамын; Менің езгімді өздеріңізге алыңыздар, Менен үйреніңіздер, себебі Мен жүрегіммен момынмын және көнбіспін, сонда жан-дүниелеріңізге тыныштық табасыздар; себебі Менің езгім игілік, Менің ауыртпалығым  жеңіл» (Мф. 11, 28-30). Құдай бізге салатын қаншалықты игілікті және жеңіл екенін сезіну және түсіну үшін, жақынға да, алысқа да қайырымдылық жасауды үйрену керек. Бұл ілімде тек бірінші қадамдар ғана қиын: дер кезінде тоқтап, дөрекілікке дөрекілікпен, жамандыққа жамандықпен, өтірікке өтірікпен, айыптауға айыптаумен жауап қайтармау. Ал содан кейін кем дегенде бір рет басқа адамға, отбасында болсын, жұмыста болсын, приходта болсын немесе жай ғана көршілермен және таныстармен қарым-қатынаста болсын, пайда әкелген дұрыс және адал іс-әрекеттен рахаттану сезімін бастан кешіру. Бұл рахаттану сезімі рухтың қуанышты және оптимистік жағдайына өте алады, егер пайдакүнемдікпен емес, шын жүректен жасалған қайырымды істер біздің өміріміздің бір бөлігіне айналса. Тек өзіміз жасаған қайырымдылық істер мен қоғамдық игіліктің арасындағы бұзылмас байланысты сезінген кезде ғана біз қоғамдық болмыстағы өзгерістерлі сезіне аламыз.

Жеке өміріміздегі де, кәсіби және қоғамдық саладағы да біздің іс-әрекеттерімізді Евангелиелік мотивациялау біздің өзімізді де, қоршаған әлемді де түбегейлі өзгертуге қабілетті.

«Уа, Құдай тірілсін, Оның жаулары ысырылсын!» – дейміз біз осы нұрға бөленген түнде. Уа, сіздердің жүректеріңіздегі Құдай тірілсін, алдау-арбау, араздық, жамандық, жанжал мен өміріміздегі әрқалай бөлінулер ысырылсын.

Сіздердің барлықтарыңызды, менің қымбаттыларым, Қасиетті Пасха мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Шынында да Тірілген Құдайдың көмегі мен батасы біздің әрқайсымыздың Шіркеу абыройы, өмір сүріп жатқан еліміздің пайдасы, жақындарымыз бен алыстарымыздың игілігі үшін атқарып жатқан еңбектерімізге серік болсын. Әумин.

Мәскеу және бүкіл Русь Патриархы

Мәскеу,

Христос Пасхасы

2011 ж.